
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары аясында Орал қаласына қарасты Зашаған кентінің Көктем шағын ауданында бой көтеретін жаңа медресе ғимаратының қазығын қақты.
Игі шараға дін қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, жамағат және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Бас мүфти жаңа медресенің ел болашағы үшін маңызына ерекше тоқталып, бұл оқу ордасы өңірдегі діни сауаттылықты арттыруға, жас буынды имандылық пен ізгілікке тәрбиелеуге қызмет ететінін атап өтті. Сонымен қатар, білім мен тәрбие беретін мұндай рухани орталықтардың қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы рөлі үлкен екенін жеткізді.
Жиын барысында қасиетті Құран аяттары оқылып, ел тыныштығы мен медресенің сәтті бой көтеруін тілеп дұға жасалды. Қайырымды жандардың қолдауымен жүзеге асатын бұл нысан – уақып негізіндегі игі бастамалардың бірі.











