«Діннің қоғам өміріндегі рөлі»

Дін – aдамзат тарихындағы үлкен тағылым-тәрбие мен сарқылмас даналық көзі. Егемен ел боп қалыптасып, мемлекетіміздің өркендеуінде діннің алар орны ерек. Өйткені, дін – имандылық пен әділдіктің, сыпайылық пен парасаттылықтың, көпшілдіктің және төзімділіктің кепілі.

Қоғамның өркендеуі үшін қоғам мен дін арасындағы өзара байланыстың маңызы зор. Алайда, бүгінгі қоғам азаматтары қоғам мен дін, мемлекет пен дін бөлек деген қағиданы ұстанып жүр. Тіпті, оларды бір-біріне қарсы қойып жүргендер қаншама. Дін қоғамнан, қоғам діннен бөліне алмайды. Өкініштісі сол: бұл екі ұғым арасындағы қатынасты тым тар мағынада түсінетіндер дінді тек экстремизм, терроризм сияқты үрей тудыратын сөздермен байланыстыруда. Десе де, уақыт өте келе бұлбайланыстың жақсарып келе жатқанын көре аламыз. Оған қоғамымызда егіз ұғымдай қолданылып жүрген мына сөз тіркестері дәлел болатындай: дін және мемлекет, дін жіне тәрбие, дін және өнер, дін және әдебиет, дін мен дәстүр, дін мен еңбек, дін мен БАҚ.

Қазіргі таңда дін тұрғысында белең алып жатқан түрлі мәселелер мен көтеріліп жүрген талас тудыратын пікірлер бұл- дінді дұрыс түсінбей, оған тек біржақты баға беріп, толыққанды зерттемеудің салдарынан болып отыр.Расында, теріс пиғылды адамдар, дінге бет бұрғысы келіп жүрген азаматтарды тура жолдан адастыруға ұмтылып жүргендер саны аз емес. Сол себепті, толық түсініп, зерттеп, сенімді адамдардан ғана үйренген абзал. Сонда, мүмкін, елімізде дінінен адасу, жат ағымға ілесу секілді қиындықтар орын алмас па еді...

Қазақстан қоғамындағы дін мен мәдениет мемлекет тарихының қатпар-қатпар кезеңінен өтіп, халықтың өзіндік болмысы мен өмір салтын қалыптастыра отырып өрбіді. Ғылыми атеизм идеологиясы қабылданып, рухани өмірдің мәні жоғалып, әлеуметтік салалардың барлығы материалданған кезеңде мемлекетіміз өзінің тілі мен дінінен, мәдениетінен қол үзді.Осы тұста діни сана әлсіреп, құндылықтарымыз көмескілене бастады. Алайда, қоғамның барлық саласын материалдандыруға бағытталған идеологиялық қондырманың дін мен мәдениет құбылыстарын толықтай жоюға күші жеткен жоқ.

«Адамның діні өлсе, адамдықтан бір-ақ кетеді»,- деген қанатты сөз бар. Шынында, дін – жүректегі иманның, иман – адамгершіліктің белгісі. Ата-баба өсиеттері келешек ұрпақты тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні анық. Ұлттық тәрбиенің бір негізі дінімізбен өнегелі тәрбиемізде жатыр. «Дін ұстай алсаң – қасиетің»,- дейді Мырзатай Жолдасбеков. Бүгінде қоғамымыздың алға ілгерілеуінде тәрбие мен діннің рөлі үлкен. Дініміз арқылы жастар өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынып, өмірде өз орнын тауып, тіршілік жөніндегі дүниетанымдарын кеңейтеді. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік, қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне атүсті қарауқазір қоғамда әдепсіздік пен арсыздықтың көрінісіне айналып отырғаны өтірік емес.

Сондықтан да,жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Өйткені, бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі тарих, ертеңгі қоғам,  болашақ.

Дініміздегітәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөзіміз бен ісіміздің арасы алшақ болмауы шарт. Жастардың көкіргінде үлкенге құрмет, кішіге ізет, кішіпейілдік қасиеттерін оятып, олардың бойына сенімділік, төзімділік, өзара сыйластық сезімін егу  имандылықтың үлкен бастауы болмақ.Ата-баба өсиеттері адамды тәрбиелікке, тектілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні хақ. Ұлт болып жұмылып, адамдармен өзара жылы қатынасты жоғалтпай, адамгершілік нормаларын сақтап жүрер болсақ, қоғамымыз да жаңғыра түспек.

Сенім мен ниеттің ұштасуынан тұратын дін деген ұлы ұғымды қадірлеп, қоғамымыздың жарқын болашағына әрекет етейік!

 

Орал медресе колледжінің үстазы Наурызов Асылбек Жанболатұлы